АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда құрылысшылар «Нұр-Мүбарак» ислам орталығының аумағындағы магистральды су құбырын зақымдап алды. Жарылған құбырды «Алматы су» бригадасы қалпына келтіріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Нұр-Мүбарак» ислам орталығының аумағынан өтетін диаметрі 800 мм су құбырын жеке құрылысшылар жер жұмыстарын жүргізу кезінде зақымдады. Алайда, бұл жұмыстарды атқаруға «Алматы су» МКК-дан келісім алынбаған.
«Қазір мамандар құбырды қалпына келтіріп жатыр. Сол себепті, Сейфуллин – әл-Фараби – Сәтбаев – Ходжанов көшелерінің бойында орналасқан үйлер мен ғимараттарға суық су беру шектелді», – деп хабарлады «Алматы су» МКК баспасөз қызметінен.
Компания мәліметінше, жөндеу жұмыстары кешке дейін жалғасады. Суық су сағат 18.00-де беріледі.
Алма Мұқанова
Алма Мұқанова Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының «Кино және Телевизия» факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, республикалық телеарналарда түрлі қызметтер атқарған. 2019 жылдан бері - ҚазАқпарат агенттігінің тілшісі. ҚР Журналистер одағының мүшесі.