Алматыда құрылыста сапасыз материал қолданған компанияға 6,5 млн теңге айыппұл салынды
12:45, 22 Тамыз 2023
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда №9 мектеп-интернатты салумен және сейсмикалық күшейтумен айналысатын мердігер компанияға 6,5 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмриннің сөзінше, аталған нысан бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 2021 жылдың шілдесінде басталып, өткен жылдың қараша айында аяқталуы тиіс болатын.
Тексеру барысында мердігер компанияның сапасы сын көтермейтін материалдар қолданғаны белгілі болды.
«Barat & Co» ЖШС мердігерлік ұйымына қатысты жұмыс өндірісінің бұзылуы және сапасыз материалдарды қолдану фактілері бойынша 2022 жылғы желтоқсанда Алматы әкімдігі сотқа талап арыз берді. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен «Barat & Co» ЖШС мердігеріне 6,5 млн теңге айыппұл салынды»,- деді ол.
Сонымен қатар, мердігер ұйымға 2023-2024 жаңа оқу жылына барлық жұмыстарды аяқтау тапсырылды.
«Бүгінде нысан 99%-ға дайын. Инженерлік желілерді құрылыс алаңының астынан, сыртқы қабырғалар мен ішкі бөлімдерден көшіру бойынша жұмыстар аяқталды, әрлеу жұмыстары, терезе блоктары, шатыр, сыртқы қасбет және аумақтың периметрі бойынша қоршаулар орнатылды, сумен жабдықтау, су бұру және жылумен жабдықтаудың инженерлік желілері қосылды»,- деп атап өтті Асқар Әмрин.