Аталмыш шараның ұйымдастырушылары - Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мен қалалық Жас натуралистер стансасы және Алматы қалалық экологиялық испекциясы.
Акцияға қаланың барлық ауданынан жиналған 100-ден аса оқушылар, ұстаздар қауымы мен табиғи ресурстар басқармасы мен экологиялық инспекция өкілдері қатысуда. Оқушылар демалыс саябағы аумағында қолымен дайындалған құс ұяларын ағаштарға ілуде. Бұл күні олар саябақ аумағына 70 құс ұясын орналастыруды жоспарлап отыр. Бүгін оқушыларға сонымен қатар, зоологтар мен орнитологтар арнайы шеберлік дәрістер өткізетін болады.
Шараны соңында ерекше еңбегімен көзге түскен мектеп ұжымы мен оқушыларға дипломдар мен арнайы сыйлықтар табысталатын болады.
«Бұл жалпықалалық шараның негізгі мақсаты - өскелең ұрпақты қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты сүюге тәрбиелеу, құстарды шақыру және қорғау, тұрғындар мен мектеп оқушыларының экологиялық көзқарасы мен табиғат алдындағы жауапкершілігін қалыптасыру, экологиялық мәдениетін арттыру, сонымен бірге табиғатты қорғау жұмысына араластыру болып табылады. Биыл бұл ірі көлемдегі акцияны үшінші жыл өткізіп отырмыз», -деді Жас натуралистер стансасының директоры Зейнеп Аришева.
Оның айтуынша, бұл акция бір рет қана өтетін шара емес, жыл бойы өткізілетін шара. «Қыста құстарға жемшашарлар жасасақ, көктемде құстарға ұя ілуді дәстүрге айналдырдық. Бұдан өзге де көптеген табиғатты аялауға, қоршаған ортаны қорғауға арналған шаралар 40 жылдан бері атқарылып келеді, өйткені біздің стансының жұмыс істеп жатқанына 40 жылдан аса уақыт болды. Жылда әр түрлі семинарлар, акциялар, шеберлік сыныптар, табиғат аясына экскурсиялар және тағы да басқа шараларды өткізіп тұрамыз. Мәселен, келесі аптада биология-экологиялық тақырыпта бізде ғылыми-практикалық конференция өткіземіз, одан кейін халықаралық орман жылына арналған білім марафоны, «Өнер арқылы жасыл планетаға» деп аталатын театрландырылған экологиялық фестивалді өткізуді жоспарлап отырмыз», -деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, жас натуралистердің саны жылдан жылға артпаса, кемімеген. «Мемлекет қамқорының арқасында үйірмелерге оқушылар тегін қатысуда. Бір кездері қатысушылар саны 1000-ға жетпесе, қазіргі уақытта бізде 1200-ден аса оқушы қатысуда. Орталықта 5 бөлім жұмыс істейді»,-дейді З. Аришева.
Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Гүлжазира Қажиақпарқызының айтуынша, соңғы жылдары адамдардың шаруашылық қызметінің әсерінен саябақтардағы, жалпы қаладағы құстардың саны мен оның алуан түрлілігі кеміген. «Сондықтан, қала тұрғындарының алдында табиғи байлықты сақтау және оның қасиеттерін бағалау, құстарды қорғау және сақтап қалу, олардың түрлерін көбейту сияқты міндеттер тұр. Осы бағытта жүйелі түрде жұмыс жасау арқылы ғана қоршаған табиғи ортаны сақтауда алдыңғы және кейінгі ұрпақтың күшін біріктіру мүмкін болмақ»,-деп санайды ол.