Алматыда құтқарушыларға арналған мурал пайда болды
14:15, 18 Қараша 2022
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда көпқабатты тұрғын үйлердің біріне құтқарушылардың құрметіне мурал салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Нақтырақ айтсақ, арт-нысан «Айнабұлақ» шағын ауданындағы тоғыз қабатты үйдің қасбетінде пайда болды. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, муралға арналған тақырып кездейсоқ таңдалмаған. Құтқарушылар әрқашан алдыңғы қатарда, өз өмірлерін қатерге тігеді. Сондықтан да ел құрметіне бөленген мамандық. Қабырғада кішкентай қызды жалыннан алып шыққан өрт сөндіруші – құтқарушы бейнеленген. «Айта кету керек, ұқсас бейнелер, мүсіндер Төтенше жағдайларды жоюға да, олардың алдын алуға да қатысқан барлық құтқарушылардың ұжымдық бейнесі»,- деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметінен.