Кувейттік ақынның «Кувейт шұғыласы» атты кітабын араб және қазақ тілдерінде, сондай-ақ, «Кувейт ақыны - Абдул Азиз Сауд әл-Бабтин поэзиясы және оның ерекшелігі» атты ғылыми еңбекті таныстыруға арналған әдеби кешке бүгін Кувейттен әл-Бабтин атындағы Орталық кітапхананың өкілі Сауд Абдулла әл Атиқи, Қазақстанның Кувейт еліндегі елшісі Алмас Абдраманов және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Шығыстану факультетінің деканы Палтөре Ыхтияр қатысты.
«Сауд әл-Бабтиннің екі жинағын қазақ тіліне аударып отырмыз. Мақсатымыз - араб тілін жетік білетін, әсіресе, араб поэзиясын қазақ тіліне аудара алатын мамандардың бар екенін көрсету. Мұндағы ойымыз қазақ ақын-жазушылары шығармаларын араб тілдеріне аударуды қолға алу», - дейді Палтөре Ыхтияр.
Сондай-ақ, бүгін Кувейттегі Әл-Бабтин атындағы Орталық кітапхана мен ҚР Ұлттық кітапханасы арасында өзара ынтымақтастық туралы мемарандумға қол қойылды. Жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласындағы міндеттер сөз болды. Аталған мақаладағы мың жылдық тарихымызда төл мәдениетіміз тұңғыш рет әлемнің барлық құрлықтарына жол тартып, басты тілдерінде сөйлейтіні айтылған. Осы орайда Қазақстанның Кувейттегі елшісі араб әлемі тарапынан қазақ әдебиетіне деген қызығушылық бар екенін айтты.
«ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Жанат Сейдуманов екі рет Кувейтке келіп, бірқатар келіссөздер жүргізді. Кувейт тарапы қазақ әдебиетін аударуға қызығушылық танытып отыр. Біз өз тарапымыздан ағылшын тіліне аударылған әдебиеттірімізді Кувейт кітапханаларына бердік. Біз қазақ әдебиетін аударуға дайындалып жатырмыз, кувейттіктер қаржыландыруға әзір», - деді Қазақстанның Кувейттегі елшісі Алмас Әбдіраманов.
Айта кетейік, қазақ оқырманына таныстырылып отырған Кувейт ақыны әл-Бабтин 1936 жылы дүниеге келген. Ол 2009 жылы Қазақстанға іс-сапармен келген. Ол араб поэзиясы мен араб әдеби мұраларын жинақтаушы белгілі қоғам қайраткері.
18:44, 09 Тамыз 2017
Алматыда Кувейт ақыны қазақ тілінде сөйледі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Қазақстанның Ұлттық кітапханасының басшылығы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Шығыстану факультетімен бірлесе отырып, кувейттік ақын, меценат Абдуль Азиз Сауд әл-Бабтиннің қазақ тіліне аударылған өлеңдерін таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.