Алматыда қуыршақ театры «Наурыз думанын» өткізді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы мемлекеттік қуыршақ театры «Наурыз думаны» мерекелік концертін өткізді. Бұл туралы мекеменің бас әкімшісі Ерболат Қайрышев айтты.

Оның айтуынша, соңғы аптада өнер труппасы спектакльдерін өз сахналарында өткізіп келсе, бүгін әртістер қаланы аралап кетті. Негізінен әртістердің өнеріне орталық саябаққа жиналған қауым куә болды. Қуыршақ театрынан Қыдыр ата, Көктемқыз, қазақ ертегілерінің кейіпкерлері Қаңбақшал, Тазша бала, Жезтырнақ, Қара дәу, Алдар көсе өнер көрсетті. Әртістер қазақтың салт-дәстүрлерін ғана көрсетпей, көрермендерді қойылымға қатыстырып, бірге ән мен күй шырқады. «Қазақстан азаматтары үшін Наурыз мейрамының жөні ерекше. Бұл көктем мен жаңарудың уақыты. Наурыз - бірлік пен махаббаттың, татулық пен қонақжайлылықтың нышаны. Біз ұлыстың ұлы күнінің осы ерекшелігін бағдарламамызда көрсетуге тырыстық», - деді Е. Қайрышев