Алматыда қуыршақ театрының 75 жылдығына арналған мерейтойлық кеш өтті

АЛМАТЫ. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Алматыда Халықаралық қуыршақ өнері фестивалі аясында, қазақстандық және шетелдік қуыршақ театрларының қатысуымен ҚР Мемлекеттік қуыршақ театрының 75 жылдығына арналған мерейтойлық кеш өтті.

Ұжымның мерей тойымен құттықтауға әріптестері, достары келді. Театрдың қабырғасында әр жылдары қызмет жасаған әртістер, бүгінгі театр ардагерлері кештің қонағы болды. Кеш барысында театр тарихынан сыр шертетін және әр жылдары қойылған қойылым үзінділерінен тұратын деректі фильм көрсетілді. Бұл күнгі кеште театрдың құрылу бастауында тұрған және әр жылдары қызмет етіп, өз үлесін қалдырған барлық тұлғаларды еске түсірді.

Мерейтойлық кеште Ресей, Жапония, Болгария қуыршақ театрлары өз нөмірлерімен өнер көрсетті. Бұл шараға Қырғыз елінің танымал этнографы, дәстүрлі Ортеке жанрының орындаушысы Нұрах Абдрахманұлы арнайы келген. Оның айтуынша, қуыршақ театры ортекеден бастау алады.

Театрдың 75 жылдығымен қала басшылығы да құттықтады. Қала әкімі Ахметжан Есімовтың құттықтауын әкімнің орынбасары Серік Сейдуманов жеткізді.

Бүгін фестивальдің соңғы күнінде «Ормандағы той-думан» атты музыкалық шоумен Болгарияның Бургас қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры өнер көрсетеді.

ҚР Мемлекеттік қуыршақ театры Алматы қаласында 1935 жылы құрылды. Ол Қазақстанның ежелден келе жатқан көне театрларының бірі. 75 жылдық тарихы бар театрда бүгінде қуыршақтардың алуан түрлері бар. Театр Түркия, Иран, Қытай, Чехия және Ресей қуыршақ театр фестивальдерінің және халықаралық байқаулардың диломдарына ие болған. Театр талантты актерлар мен қуыршақ жасау шеберлерін, режиссерлар мен суретшілерді, сонымен қатар сахна безендірушілердің бірнеше буынын өсіріп шығарды.