Алматыда құйынды жел медициналық мекеме мен тұрғын үйдің шатырын, көліктерді зақымдады

АСТАНА. 13 маусым. ҚазАқпарат - Алматы қаласында дауылды жел салдарынан медициналық мекеменің шатыры жұлынды, тұрғын үй мен екі көлік зардап шекті, деп хабарлады ҚР ТЖМ-нің баспасөз қызметінен.

Сейсенбі, 12 маусым күні Алматы қаласында болған қатты жел салдарынан Қонаев көшесіндегі Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының 4 қабатты ғимаратының шатыры көкке ұшты. Оның аумағы 550 шаршы метрді құрады. 1985 жылы салынған ғимараттың жалпы ауданы - 750 шаршы метр.

Бұдан басқа, оған жақын орналасқан 2 қабатты тұрғын үйдің шатыры мен тұрақтағы екі көлік бүлінді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

ТЖ-ны жоюға ҚР ТМЖ Алматы қалалық ТЖД жеке құрамының 25 адамы мен 8 техникасы, ҚР ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының 7 адамы мен 1 техникасы қатысты.