Алматыда «Күз - 2009» сурет көрмесі ашылды
18:15, 30 Қазан 2009
АЛМАТЫ. Қазанның 30-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматы қаласы тарихының мұражайында «Күз - 2009» сурет көрмесі ашылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Көрме біздің ару қаламызға, оның тарихына, болашағына арналған. Әдетте Алматы күз маусымы күшіне енген кезде түрлі-түсті, ашық-сары, жасыл, нәзік күлгін түстерге қанық ажарлы қала болып кетеді. Бұл мезгілдегі табиғат суретшінің қиялын жандандыра түседі, оған шабыт береді. «Нағыз суретші - табиғат» дегенмен де бүгін суретшілердің басын қосып, салынған суреттерді бағалап, тамашалауға тағы бір мүмкіндік туды», деді көрмені ұйымдастырушы, «Пятница» сурет студиясының суретшісі Максим Шведцов. Оның айтуынша, көрмеге 30-дан аса суретшінің туындылары қойылған. Ал жобаға күз тақырыбындағы соңғы 2 айда салынған шығармалар қабылданған.
Көрме қараша айының соңына дейін жалғасады.