Алматыда қылмыстық - атқару заңнамаларын қолдану мен жетілдірудің өзекті мәселелері талқылануда
Конференция заң ғылымдарының докторы, профессор Тамас Айтмұхамбетовтың 70 жылдығына арналған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Конференция жұмысына ғалымдар, адвокаттар, заңгерлер, Қырғызстан, Өзбекстан және өз еліміздің ЖОО-ның өкілдері қатысуда. «Конференцияның мақсаты - қылмыстық сот саласында Конститутциялық заңдылықты сақтау мәселелерін талқылау, 2010-2020 жылдарға арналған ҚР Құқықтық концепциясын талқылау» дейді ұйымдастырушылар.
«Құқықтық мемлекетті қалыптастыру үшін, Қазақстан Республикасының Ата заңы мен принциптері, нормалары негізінде құқықтық мемлекетке тән барлық ерекшеліктерді, құқықтық мінезді қалыптастыратын саясатты жүргізу керек», деді заң ғылымдарының докторы, академик Ғайрат Сапарғалиев. Оның айтуынша, Елбасының жарлығымен бекітілген 2010-2020 жылдардағы еліміздің құқықтық концепциясы Қазақстандағы заң ғылымындағы өзекті мәселелерді зерттеуге, оның ішінде құқықтық мемлекетті қалыптастыру проблемаларын анықтауға да жол ашты.