Алматыда қылмыстық топтың серкесін қамауда ұстау мерзімі ұзартылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деп күдіктелген Есбол Жаппасовты қамауда ұстау мерзімі ұзартылды, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алмалы аудандық соты биыл сәуірде ұсталған Есбол Жаппасовты қамау мерзімін 5 тамызға дейін ұзартты.

Мұның алдында бірқатар БАҚ  ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген күдікпен Есбол Жаппасовты ұсталғанын хабарлаған болатын. 

Қазіргі кезде, күдіктінің меншігінде ондаған элиталық жылжымайтын мүлік, асыл тұқымды сәйгүліктері бар екені анықталды.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, Есбол  «Жаппастықтар» деп аталған ҰҚТ басқарып келген.

Қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы арасында Қордай учаскесінде контрабанда өткізумен  айналысқан.

«Жаппастықтар» Қырғызстаннан құс еті жеткізіліп тұрса,  ол жаққа мұнай өнімдері заңсыз өткізген. Сондай-ақ, шекарадан өткен әр жүргізушіден кем дегенде 80 мың теңгеден алып, заңсыз жолмен оңай олжаға кенеліп отырған.