Биылғы мамыр айының соңында Алматы қаласының Әуезов ауданында жол талғамайтын Toyota Land Cruiser Prado екі автокөлігі ұрланды.
«Көлік иелеріне келген шығын мөлшері - 7,5 миллионнан 8,5 млн теңгеге дейін. Жәбірленушілердің арызы Әуезов аудандық полиция бөлімінде ҚР ҚК 200-бабы және 188-бабы бойынша тіркелді. Қылмыстарды ашу үшін аудан деңгейіндегі детективтер мен біздің бөлімшеден арнайы жедел тергеу тобы құрылды», - дейді Алматы ПД қылмыстық полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.
Жедел және арнайы іс-шараларды жүргізу арқасында бес адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды. Олар - Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарының тұрығындары.
«Олардың әрқайсысының рөлі айқын көрсетілген. Мысалы, Алматы аумағындағы автокөліктерді 1985 жылы туған О. ұрлап, Алматы облысының тумасы, 1977 жылғы сыбайласы А.-ға берген. Ол ұрланған көлікті Жамбыл облысындағы үш серігіне тапсырып отырған. 1976 жылы туған Н., 1987 жылы туған А. және 1985 жылы туған А. есімді азаматтар қылмыстық жолмен келген көлікті сатумен айналысқан», - деді Есен Ысқақов.
Ұсталған бес күдіктінің екеуі бұрын бұзақылық пен алаяқтық үшін жауапқа тартылған. Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынды. Ұрланған көліктер иелеріне қайтарылды.
Автор: Алма Мұқанова