Алматыда қымбат көліктердің айнасын ұрлаумен айналысқан қылмыскер құрықталды

АЛМАТЫ. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда қымбат көліктердің айнасын ұрлаумен айналысқан Алматы қаласының Әуезов ауданының тұрғыны, 35 жастағы Андрей есімді жігіт құрықталды.

«Ол қаламыздағы қымбат көліктердің айналарын лезде ұрлап кетуге машықтанып алған. Қылмысқа тек қана түн жамылып қана шығып отырған. Тексеру барысында оның бұған дейін де жасаған қылмыстары үшін жауапкершілікке тартылғандығы анықталды. Бүгінгі таңда оның көлік айналарын ұрлаған сегіз оқиғаға қатысы бары әшкереленді. Орын алған бұл қылмыстардың басым көпшілігі Бостандық ауданында тіркелген»,-деді Алматы қаласы ІІД Көлік қылмыстарын ашу бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Константин Хон.

Тәртіп сақшыларының айтуына қарағанда, соңғы уақытта қаламызда көлік бөлшектерін ұрлау оқиғалары жиілеп кеткен. Көбіне қаскөй ұрылардың назарына күзет қызметі жоқ тұрақтармен арнайы дабыл қаққышы жоқ, қараңғы аулаларда тұрған көліктер ілінеді екен.

«Қаламыздағы көліктердің басым көпшілігінде дабыл қаққыш орнатылмағандықтан темір тұлпарлар ұрылардың оңай олжасына айналуда. Ал қолға түскен бұл қылмыскер көлік бөлшектерін ұрлауда да аса тәжірибелі екендігін көрсетіп отыр. Мысалы, «Лексус» автокөлігінің ұрланған айнасын ол небәрі 10 мың теңгеге сатып отырған. Толықтай жүргізілген тергеу амалдары нәтижесінде сегіз көліктен ұрланған айналарды сатып алған азаматтар да анықталып, қылмысқа қатысты айғақ заттар тәркіленді»,- деп атап өтті подполковник К. Хон.

Қолға түскен қылмыскер қазіргі уақытта өз қылмысын толығымен мойындап отыр. Қылмыстық жолмен ақша тауып күнелтіп жүрген Андрейдің есірткіге тәуелділер қатарында екендігі де белгілі болды. Алдағы уақытта ол жасаған қылмыстары үшін сот алдында жауап беретін болады.