Алматыда қыздарды тұншықтырып, тонап жүрген күдікті ұсталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматылық полицейлер түнгі уақытта қыздарды тұншықтырып, тонап жүрген күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Алмалы аудандық полициясының хабарлауынша, еш жерде жұмыс істемейтін 20 жастағы А. қылмысын тек түнгі уақытта жасаған. Жолда жалғыз келе жатқан қыздарға арттан тап беріп, тұншықтырып, содан кейін барлық бағалы заттарын алып кетіп отырған.

«Жедел іздестіру іс-шаралары барысында 20 жастағы Жамбыл облысының тұрғыны ұсталды. Қазіргі уақытта тонау бойынша үш деректі анықтадық. Бір эпизод бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Қыздар төтеп бере алмайтын жағдайға жеткен кезде, ол барлық құнды заттарын: ұялы телефон, ақшасын алып, қараңғы көшелерде тығылып қалды. Сондай-ақ, қаскөй жәбірленушіден тартып алған ақшамен дүкенде төлем жасап жатқан дерек те тіркелді. Жас жігіт өз ісін мойындады. Қазір күдіктінің жеке басы қала аумағында осыған ұқсас, бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғына тексеріліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.

Фото: polisia.kz