Бұған дейін бір топ алматылық «VICTORY» бастамашы тобын құрып, көшеде жүрген көне трамвайларды жаңарту бағытында «Өмір жолы» жобасын жүзеге асыру жайлы ұсыныс жасаған болатын. Жақында қала әкімдігі мен «Air Astana» әуе компаниясының қолдауымен бұл бастама жүзеге асып, нәтижесінде бүгін алғашқы трамвай жолға шықты. «Балалық шақ» деп аталатын трамвай № 8 интернат балаларының суреттерінің негізінде безендіріліп, тозығы шыққан едендері мен орындықтары түгел ауыстырылған. «VICTORY» бастамашыл тобының өкілі Ардақ Қарықболованың айтуынша, жоба бір ғана вагонмен шектелмейді. Алдағы уақытта «Армандар трамвайы», «Галерея», «Алматы тарихы», «Қанқыз» деген атаулар бойынша 8 трамвай безендіріліп, жөндеуден өткізіледі.
«Ескі трамвайлар Алматы тарихының бір бөлігі іспетті. Жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға сүйенсек, қала тұрғындарының басым бөлігі үйреншікті болып қалған ескі трамвайлардың ғайып болғанын қаламайды. Оның үстіне әлемнің көптеген қалаларында ескі трамвайлар, жаңартылып, тарихи жәдігер ретінде қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет етіп жүр. Мәселен, Мәскеуге барған туристер аңызға айналған «Аннушка» трамвайына міндетті түрде отырады. Көлік қозғалысына қиындық келтірсе де, мәскеуліктер одан айырғылары келмейді. Біз де Алматыда тарихи трамвайлардың пайда болуын көздеп, осы жобаны жүзеге асырып отырмыз», дейді Ардақ Қарықболова.
Оның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта қалған қалған 7 трамвайды безендіруге демеуші қажет. Өйткені әр вагонға 2 миллион 500 мың теңге қаржы жұмсалады екен. Қалалық трамвай депосының бастығы Әбдібек Мұхамеджановтың айтуынша, бүгін жолға шыққан әзірше жалғыз, ерекше трамвай 4,6-шы бағыттарда кезектесіп қызмет көрсететін болады.
ҚазАқпарат анықтамасы: Қазіргі кезде Алматыда ұзақтығы 59,9 шақырымдық 2 трамвай бағыты бар. Бұларда 47 вагон, 46 жүргізуші қызмет көрсетеді. Қалада жалпы ұзындығы 65 шақырымдық трамвай жолы бар. Бұларға қызмет көрсететін трамвай депосы 1938 жылы салынған. Бұнда 129 адам жұмыс істейді. Сондай-ақ жалпы ұзақтығы 65 шақырымдық трамвайлық электр желісі бар.