17:20, 30 Сәуір 2009
Алматыда «Ландшафт және үй жанындағы шаруашылық» атты көрме ашылды
АЛМАТЫ. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Республика сарайында Қазақстан халқы бірлігі мерекесіне арналған «Ландшафт және үй жанындағы шаруашылық» атты көрме ашылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Көрме «КазЭкспоСервис» компаниясы, Қазақстан Дизайнерлер одағының ұйымдастыруымен және қала әкімдігінің қолдауымен өтіп отыр. Көрмеге Қазақстан, Ресей, Финляндия, Нидерланды, Италия, Германия, Вьетнам, Польша және Қытай сынды елдердің 80 компаниясының жасыл өскіндері қойылған. Осында «Балалар гүл салады» атты байқау да өтуде. Көрменің ашылу салтанатына Алматы әкімі Ахметжан Есімов қатысып, бұл шараның қала үшін өте қажетті екендігін атап өтті. «Қаланы барынша әдемілікпен гүлге көмкеріп қою қажет. Мұндай көрмелер бізді көп нәрсеге үйретеді әрі ландшафт дизайны бойынша тәжірибе жинақтауға көмектеседі », - деді ол.Қазіргі кезде Алматыда 22 мың шаршы метр жерге түрлі гүлдер егілген. Болашақта қаланың әр ауданында 60 мың шаршы метрге көздің жауын алатын түрлі жаздық өсімдіктер отырғызылмақ.