Алматыда Ленинградтың құрсаудан босатылғанына 65 жыл толуына орай Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті
15:34, 26 Қаңтар 2009
АЛМАТЫ. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Бүгін Алматыда батыр-қала Ленинградтың құрсаудан босатылғанына 65 жыл толуына орай қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою салтанаты өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл рәсімге Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Ленинградты қорғауға қатысушылар, жастардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Ақын Жамбылдың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінің аталмыш оқиғаға орай өткізілуі тегін емес. Ұлы Отан соғысы жылдарында Жамбылдың жігерлі жырлары азаматтарды отан қорғауға шақырды. «Мәскеуге», «Ленинградтық өрендерім» өлеңдері кеңес жауынгерлеріне күш-қуат берді.Айта кетелік, Ленинград қаласы 1941 жылдың 10 шілдесінен бастап қоршауға алынған болатын. Фашистер құрсауында болған 900 күн Ленинградты ерліктің, қайсарлықтың белгісіне, символына айналдырды. 1944 жылдың 14 қаңтарында кеңестік әскерлер қаланы азат ету мақсатында шабуылға көшті, ал 1944 жылдың 27 қаңтарында Ленинград толықтай азат етілді.«Бүгін біз Ленинградты қорғаған ардагерлер мен сол кезеңдегі қаланың тұрғындарын еске аламыз. Біз қасірет пен қайғыға толы сол күндерді ешқашан ұмытпаймыз», - дейді Алматы қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Гүлшара Үрмүрзина.Г. Үрмүрзинаның айтуынша, қазақстандық жауынгерлер қаланы ерлікпен қорғады. 1941 жылдың аяғында Петропавл қаласында құрылған 314-ші атқыштар дивизиясы Солтүстік-батыс майданға келеді. Олардың қолымен көптеген қайталанбас ерліктер жасалды. Ленинградты қорғау кезінде жерлесіміз Сұлтан Баймағамбетов кеудесімен жаудың дзотын жауып, өз жолдастарына шабуылға жол ашып береді. Сондай-ақ батыр қыз Әлия Молдағұлова да осы қаланы азат ету жолында ерлікпен көз жұмған болатын.