Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, кәріз люктерін ұрлау қылмысы Алматыда жиі кездеседі. Әдетте қылмыскерлер шойын люктерді ұрлап, металл өткізу пунктіне өткізеді. Бұл үшін олар қомақты ақша алады.
Осындай қылмыс үстінде Гайдар көшесіндегі люктерді алып бара жатқан жерінен 39 жастағы адам ұсталды. Тағы бір адам Түрксіб ауданындағы люкті көтеріп бара жатқан жерінен құрықталды. Күдіктінің қолында арық жүйесінің шойын торы болған.
«Қазіргі таңда Полиция басқармаларында ҚР ҚК 188-бабының 1-бөлімімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Белгілі болғандай, олар люктерді ұрлап алып металл өткізетін жерге сатып жібермек болған. Қазіргі таңда түсті және қара металдарды сатып алатын тұлғаларды анықтау жүргізіліп жатыр», - деді Полиция департаментінің басқарма басшысы Есен Ысқақов.
Қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, ұрланған затты сатып алған тұлғалар үшін ҚР ҚК 196-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Айта кету керек, 2018 жылы 22 қазанда Алматыда арнайы профилактикалық іс-шара басталды. Апталық барысында ұрланған заттарды қабылдап, одан әрі сатумен айналысатын қылмыскерлер ұсталды.
Мұның алдында полиция кәріз құдықтарының шойын қақпақтарын қолды ету фактілері туралы хабарлаған адамдарға сыйақы берілетінін мәлімдеген болатын.
Қалада ұрланған немесе сынған шойын қақпақтардың кесірінен жол-көлік оқиғалары жиі тіркеледі. 2016 жылы сынық люктың кесірінен тағы бір жол апаты болып, алматылық тұрғын Екатерина Парафиева екі аяғынан айырылды.
Бостандық аудандық судьясы жол апатына айыпты деп танылған автобус жүргізушісінің бас бостандығын 2 жылға шектеп, 2 млн теңге моральдық өтемақы төлеуге мәжбүрледі. Сонымен қатар, судья қала әкімдігіне кәріз суы люктерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін жеке қаулы шығарды.