Алматыда «Мәдени Азиада-2011» фестивалі аясында бірқатар көрмелер өтеді
14:46, 24 Қаңтар 2011
АЛМАТЫ. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыда «Мәдени Азиада-2011» фестивалі аясында «Қазақстан спортының даму тарихы» және «Керуен-сарай» атты көрме-жәрмеңкесі өтеді.
Аталған шаралар ақпанның 2-6 аралығында ҚР Мемлекеттік Орталық мұражайында өтеді.
«Қазақстан спортының даму тарихы» атты көрмеде қазақстандық спорттың дамуы мен оның қайнар бастауларынан қазіргі заманға дейінгі жолы таныстырылып, Кеңестік кезең мен тәуелсіздік алған уақыттағы олимпиада чемпиондарының жетістіктері арқылы жекелей спорт түрлерінің дамуы баяндалады.
Ал, «Керуен-сарай» көрме-жәрмеңкеде Қазақстан мен Орта Азия қолөнершілерінің сәндік-қолданбалы өнері ұсынылады. Жәрмеңке барысында аталған елдердің шеберлері қолөнердің әр түрі бойынша шеберлік сабағын өткізсе, модельерлер фэшн-шоу қойылымын көрсетеді. Сондай-ақ қазақстандық «Шебер-2011» және ЮНЕСКО-ның «Сапа белгісі» байқауы жеңімпаздары бұйымдарының көрмесі де ұйымдастырылады.