«Бұл сот халық үшін ашылды. Тағдыры сотта шешіліп жатқан тұлғалар ашық сотта өз құқығын қорғайтын болады. Егер ашық процесте күдіктінің айыбын дәлелдейтін дәлел келтірілетін болса, оның бұлтартпау шарасын қабылдауда қорғаушылар да, күдіктінің өзі де қатысатын болады», - деді Алматы қалалық сотының төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов.
Мұның алдында тергеу сотының қызметін прокурор атқаратын.
Тергеу соты судьясының құзырына қамаудағы тұлғаларды бұлтартпау шарасын қабылдау, үйқамақ немесе экстрадициялық қамау, қызметінен шеттету, кепілдеме қабылдау, мүлікке тыйым салу, мүрдені қайта қазып алу, халықаралық іздеу жариялау, тергеу орындарының салғырттығына қатысты шағым қабылдау функциялары кірді.
«Мұның алдында прокурор өзі шешім шығаратын. Енді тергеу сотының судьясы өзі тараптардың қатысуымен процесуалды шешім шығарады. Процеске журналистер де қатыса алады. Тергеу ісінің құпиялығын сақтау мақсатында кейбір істер жабық режімде қаралады», - деді сот төрағасы Н.Әбдіқанов.
Мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Орбита-2 шағынауданына орналасатын болады.
Сотта 7 судья, 16 маман жұмыс жасамақ.
Сот төрағасы ретінде Болат Қатықбаев тағайындалды.
Күніне тергеу соты 50-60 іс қарайтын болады.