Алматыда МӘМС есебінен Паркинсон ауруына шалдыққан 70 жастағы қарияға операция жасалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Орталық клиникалық ауруханада алғаш рет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) есебінен Паркинсон ауруымен ауыратын науқасқа операция жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аурухана базасында Паркинсон ауруын хирургиялық жолмен емдейтін орталық ашылды. Бұл жерде Паркинсон ауруына шалдыққан науқастар ем қабылдайды.

Операцияны тәжірбиелі нейрохирург, медицина ғылымдарының кандидаты, бас пен жұлынға нейростимуляторларды импланттау бойынша араласумен маманданған Чингиз Шашкин жүргізеді.

«Әрине, операция толық сауығып кетуге мүмкіндік бермесе де, осындай науқастардың өмір сапасын едәуір жақсартады, себебі олардың бұлшық еттері жұмыс істемейді. Ол үшін пациенттің миына жіңішке электродтар жібереміз, олар нейростимуляторлармен байланыстырылады, бұғананың астына кеуде бөлігіне, тері астына имплантталады. Алматыда тегін квота бойынша операция жасалған алғашқы пациент 70 жаста, ол 8 жыл бойы осы аурудың дірілдеу түрінен зардап шеккен. Қазақстанда барлығы осындай 30 мың ауру бар, олар негізінен егде жастағы кісілер, бірақ менде 25 жастағы пациент те болды»,- дейді дәрігер.

Оның айтуынша, әлемде биостимуляторды енгізу бойынша алғашқы операция 1987 жылы жүргізілген, қазір нейростимуляция әдісі АҚШ-та, Еуропада, Азияда сәтті қолданылады.

Қазақстанда алғаш рет 2013 жылы қолданылды, бірақ әлі күнге дейін операция тек астанада және Қарағандыда жүргізілді.

«Орталық клиникалық аурухана (Совмин) базасында Паркинсон ауруын хирургиялық жолмен емдеу орталығын ашу өте дұрыс шешім, себебі еліміздің оңтүстігінде халықтың 62%-ы тұрады, олардың өз өңірлерінде тегін ем алу мүмкіндігі жоқ. Операцияның өзі қымбат тұрады, енді бұл операция квота бойынша орталық ауруханада жүргізілетін болады. Тек осы жылы біз 50 стимулятор орнатуды жоспарлап отырмыз»,-дейді Чингиз Шашкин.

Паркинсон ауруының профилактикасы ретінде Қазақстанның алғашқы функционалды нейрохирургі Чингиз Шашкин саламатты өмір салтын ұстануға, көбірек қимылдауға, дұрыс тамақтануға, хоббимен айналысуға кеңес берді.