Бұл бүгін Алматыда өткен «Мәңгілік халық жадында» деп аталатын ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды. Оны Алматы қаласы әкімдігі, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, «Әділет» қоғамы және Республикалық саяси қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырған болатын. Шара ХХ ғасырдағы қазақ тарихындағы ең қасіретті кезең 1932-1933 жылдардағы ашаршылыққа 80 жыл және 1937-1938 жылдардағы Сталиндік саяси қуғын-сүргіннің 75 жылдығына арналып отыр.
Ғалымдардың айтуынша, кеңестік тоталитарлық жүйе кесірінен қолдан жасалған жаппай ашаршылық салдарынан қазақ халқының едәуір бөлігі - 1млн. 750 мың адам қырылды. Сонымен бірге саяси қурғын-сүргінге ұшыраған 125 мың адамның 25 мыңы атылды. 1929-1932 жылдары болған көтерілістің бәрі әскер күшімен басылып отырды. Аштықтан қырылудан қашқан 1 млн. 130 мың қазақ шетел асып кетті.