Алматыда мас күйде көлік жүргізіп, 3 рет ұсталған жүргізушіге үкім шықты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 26 жастағы Алматы тұрғыны мас күйде көлік басқарып, 3 рет полицияға ұсталған. Сот оны өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ш. есімді азаматты полиция алғаш рет 2019 жылдың маусым айында ұстаған. Сот шешімімен көлік басқару құқығынан айырылған ол мас күйінде рөлге қайта отырған. Содан кейін Әуезов аудандық сотының шешімімен жүргізуші ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, сот оған көлік құралдарын басқару құқығынан 3 (үш) жылға айыра отырып, 100 (жүз) сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын тағайындады.

«Дәл сол жүргізушіні патрульдік полиция қызметкерлері 2020 жылдың 9 желтоқсанында көлік басқарып бара жатқан жерінен ұстады. Ол тағы да мас болған. Кеше, 2021 жылы 3 ақпанда, Әуезов аудандық соты оны ҚР ҚК-нің 346-бабы, 1-бөлігі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тапты. Сөйтіп, ол 1 жыл 6 айға бас бостандығынан және өмір бойы көлік құралын басқару құқығынан айырылды», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті анықтау басқармасының бастығы Олжас Шәріпов.

Оның айтуынша, өткен жылдың қаңтарынан бастап қылмыстық заңнамаға өзгертулер енгізілді, онда кез келген мас күйде жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін заң бұзушының жауапкершілігі күшейтілді.

«Егер бұрын ол осындай әрекет үшін қоғамдық жұмыстарға тартылса, енді құқық бұзушылар қоғамнан оқшауланып қамауға алынады және өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылады. Бүгінде Алматы полициясы профилактикалық шаралар қолдануда: көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған адамдар туралы барлық ақпарат, сондай-ақ олардың көлік құралдары туралы ақпарат автоматтандырылған мәліметтер базасына енгізілген. Бұл дегеніміз, құқығы жоқ жүргізушілер рөлге отырған бойда олар анықталып, шұғыл шаралар қолданылады», – деді О. Шәріпов.