Алматыда Мәскеу түбіндегі шайқастың қатысушылары ұлықталды

АЛМАТЫ. 17 ақпан. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысының ардагерлері жылдан жылға азайып барады. Олардың әрқайсысына біздің осындай бейбіт өміріміз үшін құрмет көрсетуге міндеттіміз.

Осы соғыстың қиыншылығынан өтіп, аман қалған қарттарымызға ұзақ өмір, зор денсаулық, жақындарыңыздың сыйластығын тілегіміз келеді.  Бұл туралы бүгін Алматыда Мәскеу түбіндегі  шайқасқа 70 жыл толуына орай өткізілген салтанатты кеш барысында  Әуезов ауданы әкімі Бекқали Торғаев айтты.

Әуезов ауданы әкімінің аппараты ұйымдастырған шара Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында өтті.

Салтанатты іс-шараға Әуезов ауданының әкімі Бекқали Торғаев, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, институт басшылары мен курсанттары қатысты. Қатысушылар назарына концерттік бағдарлама, «Мәскеу төңірегіндегі шайқас» атты бейнефильм ұсынылды.  Шара барысында Ұлы Отан соғысы ардагерлері, Мәскеу түбіндегі шайқастың қатысушылары Абдашар Амреновке, Николай Ивановқа, Семен Калининге және тағы да басқа ардагерлерге  мерейтойлық  медальдар табысталды. 

«Әуезов ауданының әкімдігі әр ардагерді жақсы біледі. Әкімдік тарапынан 9 мамыр және басқа да мерекелер кезінде соғыс ардагерлеріне материалдық көмек пен сыйлықтар табысталады. Біз ардагерлерге тек мерекеде ғана емес, күнделікті көңіл бөлудеміз»,-деп атап өтті аудан әкімі.

Бұл күндері Ресейде Мәскеу түбіндегі шайқастағы жеңіс мерекесі тойлануда. Бұл жеңіске Қазақстанның азаматтары да зор үлес қосқан. Сол сұрапыл майданға жүз мыңдап жерлестеріміз аттанған болатын. Орта Азияда құрылған 316-шы жаяу әскер дивизиясының 28 гвардиялық-панфиловшылардың ерліктері бүкіл әлемге ұмытылмастай тарих қалдырды. Мәскеуді Қызыл Армияның құрамындағы 5 қазақстандық дивизия және 3 атқыштар бригадасы қорғаған. Майданға қажетті қару-жарақ өндіретін өнеркәсіптерде біздің республикамыздың жұмысшылары ретінде әйелдер де, балалар мен қарттар да теңдесіз күш-жігерін салды.