Алматыда мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсынылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалының кезектен тыс өткен ХX конференциясында қала мәслихатының депутаттығына партиядан кандидаттар ұсынылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Конференция делегаттары қала мәслихатының шығып қалған орындарына жоғары оқу, бизнес және ғылыми-зерттеу салаларынан 3 кандидатты ұсынды.

Олар - «Алматы қаласының даму орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы Жанна Төлегенова, «Юником Бизнес Груп» ЖШС директоры Вячеслав Банщиков және Халықаралық инновациялық технологиялар университетінің ректоры Дамир Шыныбеков.

«Бүгінгі таңда партияның Алматы қалалық филиалының құрамында 90 000-ға жуық партия мүшесі мен 700 бастауыш партия ұйымдары бар. Конференция барысында «Үздік бастауыш партия ұйымы» конкурсының жеңімпаздары мараптталды. Олардың арасында «Железные дороги Алматы-2», «Атрикс строй», «КазНИИ кардиологии», «АлЭС», №12 емхана, «Алматинский колледж строительства и народных промыслов», «Алматы су холдингі», «АЗМК», «Бухгалтерлер мен аудиторлар қауымдастығы» және басқаларының бастауыш партия ұйымдары бар», - делінген хабарламада.

Конференцияның жұмысына қала мәслихатының депутаттары, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының Бюро және Саяси кеңесінің мүшелері, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері және басқалары қатысты.