Кездесуде қала тұрғыны екі мәселде бойынша шағымданған. «Біріншісі, қалада мүлік иелері бірлестігі (МИБ) пен жай серіктестіктерді (ЖС) құру жұмыстары дұрыс жүрмей жатыр. Екіншіден, мен Гоголь – Мұратбаев көшесі қиылысындағы жәрмеңкеге барып жүргеніме үш апта болды. Газетте жәрмеңкеде алманың бір келісі 250 теңге деп жазады, бірақ, жәрмеңкеге барсаңыз бір келісі 500 теңгеден кем емес. Арзан дүние жоқ»,- деді қала тұрғыны.
Қала әкімі Ерболат Досаев бұған дейін қалада мүлік иелері бірлестігі мен жай серіктестіктерді құру жұмыстары бақылаусыз жүргізілгенін айтты.
Екінші мәселе бойынша Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Берік Сұлтанбаев қазір қайта құрылымдау жұмысы жүріп жатқанын, алдағы уақытта базарда тек Алматы облысының өнімдері болатынын жеткізді.
Сондай-ақ шаһар басшысы Ерболат Досаев сенбілік және жексенбілік базарлар қаладағы азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесін шешпейтінін мәлімдеді.
«Биыл егістік алқаптарынан бірден базар мен сауда орталықтарының сөрелеріне ешқандай делдалсыз жетуі үшін бірқатар мәселелерді қарастырдық. Қазір ол жұмыстар басталды десек те, өте баяу жүруде. Айту керек, маусымаралық және көктем мезгілінің басында біз азық-түлік бағасының өспеуін мұқият бақылайтын боламыз. Себебі, бағаның өсуі дәл дәл жеміс-жидектерді қамтиды. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта жемістерді біз сырттан жеткіземіз, ал Алматы облысы мен қалаға жақын басқа өңірлерден әкелінетін көкөністер жетпей жатыр. Дегенмен, біз биыл жеткілікті қаражат бөліп, форвардтық шарттар жасастық. Онда бағаның алдын ала сомасы көрсетілген. 20 наурыздан кейін жаңа түсімдер келе бастайды. Ол қаладағы азық-түлік бағасына әсер етпейді деп үміттенеміз»,- деді Ерболат Досаев.
Ол сондай-ақ Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Берік Сұлтанбаевқа газет беттерінде азық-түлік бағасына қатысты шынайы мәліметтерді беруді ұйымдастыруды тапсырды.