Алматыда Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов студенттермен кездесті

None
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 21-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Кеше Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студенттері ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Мұрат Әбеновпен жүздесті.

Кездесу аграрлық университеттің алдағы 80 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Онда Мәжіліс депутаты университеттің белсенді студенттері алдында заманауи көшбасшылық жөнінде дәріс оқыды.

«Біздің университет республикалық инновациялық жобаларды әр аймақтармен бірлесіп жүзеге асырып келе жатқан еліміздегі ең ірі жоғары оқу орны. Бүгінде сол жобаларды жүзеге асыруда белсенділік танытып отырған 700 ғылым докторы мен кандидаттарының, 200 магистранттың, 50-дей PhD докторының және студенттердің еңбегі ерекше», деді университет ректоры Тілектес Есболов өз сөзінде.

Кездесу барысында Мәжіліс депутаты студенттердің сұрақтарына жауап беріп, олармен алдағы уақыттарда тығыз қарым-қатынас орнатуға уәде берді. Сонымен бірге, өздерінің ұсынуымен бір белсенді студентті қоғамдық көмекшісі ретінде қабылдайтындығын мәлімдеді.