Алматыда медбикелер сайысқа түсті

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында медбикелер сайысқа түсті. Мәдени шара 12 мамыр - Халықаралық медбикелер күніне байланысты ұйымдастырылды.

Орталық басшылығы 6 медбикенің білімі мен біліктілігін сынайтын байқау өткізді. Додада гепатобиллиарлық бөлім медбикесі Смағұлова Меруерт топ жарды. Сондай-ақ еңбегімен ерекшеленген бірнеше медбике марапаттау қағазына ие болды. Орталықтың жансақтау бөлімінің медбикесі Смағұлова Гүлім, 2 көп профильді бөлімнің медбикесі Аманжолова Жазира, гепатобиллиарлық бөлім медбикесі Смағұлова Меруерт, перфузиология бөлімінің медбикесі Кемпірбаева Алтынай, 3 көп профильді бөлімнің медбикесі Дәуітова Малика орталықтың дамуына белсене үлес қосқандары үшін марапатқа ие болды. «Әрине, бұрынғы қалыптасқан стереотип қазір өзгеріп барады. Медбике дәрігердің көмекшісі емес, ол міндеті мен қызметі бөлек мамандық иесі. Біздің орталықта қазір 303 медбике еңбек етуде. Олардың ішінде 24 аға медбике қызметін атқарады. Медициналық көмекші ретінде 5 жігітіміз бар. Олар ерлердің көмегін қажет ететін жансақтау бөлімінде, қарқынды терапия бөлімінде қызмет етеді. Бүгінгі мерекеге орай оларға 20 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындалды», - деді орталықтың аға медбикесі Людмила Чучаева. Медбикелер күні ағылшындық Флоренс Найтингейлдің туған күнімен тығыз байланысты. Ол 1853 жылы Қырым соғысы кезінде ең алғаш мейірім бикелері қызметін ұйымдастырған. «Бұл ақ халатты абзал жандардың бойында төзім мен білім, мейірім мен жанашырлық ұштасуы керек. Сондай-ақ ол науқасқа күтім жасауды бес саусағындай білуі тиіс», - деп қорытындылады сөзін Л.Чучаева.

Соңғы жаңалықтар