«18-мамырда таңғы 08:35-те Медеу ауданындағы «Геолог» саяжайына баратын жолда лай көшкіні орын алды. Жолды 50 текше метр тас пен лай ағыны бітеп тастады. Бұл топырақтың шектен тыс ылғалдануынан орын алды», - деді С.Баймұхамбетова.
Қазір көліктердің өтуіне тыйым салынды.
Сондай-ақ, Медеу ауданының Жамақаев көшесінде таңғы 10:00 шамасында «Сұңқар» шаңғы трамплині кешенінде топырақтың шектен тыс ылғалдануынан 20 текше метр сары топырақ көшті. Төтенше жағдайдан ешкім жапа шеккен жоқ.
Айта кету керек, соңғы екі тәулікте Алматыда түскен жауын-шашын мөлшері қалыптан көп болып отыр.
Салдарынан қаланың 5 ауданындағы 18 үйдің ауласын су басып, арықтар мен сай-салаға су толды. Тіпті метро стансасын да су алды.
Толассыз жауған жаңбырдың салдарынан таулы аймақтарда көшкін болып, Медеу-Шымбұлақ жолы бұзылды.
Ауа райын болжаушылардың айтуынша, жақын арада еліміздің оңтүстігінде күн жауынды болады. Сондықтан, төтенше жағдай режімі сақталады.