Мектеп қабырғасымен қоштасып, үлкен өмірге қадам басып жатқан түлектерді құттықтау үшін қала әкімі Ахметжан Есімов қаладағы О.Жандосов атындағы №105 Халықаралық лингвистикалық мектепке барды.
Қала әкімі бүгінгі түлектер елімізді алға тартатын жаңа буын екендігін айтып өтті. «Бұл білімді, заманауи ойлай білетін жастар. Бүгінгі күн олар үшін ерекше мәнге ие. Олардың кейбірі жоғары оқу орнына тапсырып, оқуын жалғастырады, ал кейбірі өздерінің ересек, еңбек өмірін бастайды», -деп атап өтті өз сөзінде А.Есімов.
Сонымен қатар ол Алматы мектептері ел бойынша ең үздік екендігін айтып өтті. «Өткен аптада біз «Үркер» құрмет белгісін табыстау іс-шарасын өткіздік. Сонда халықаралық және республикалық олимпиадаларда әрқашан біздің қала мектептерінің оқушылары бірінші орынды жеңіп алып отырғандығын айтқан едік. Елімізде жүргізіліп отырған саясаттың арқасында қаламыздың балалары жақсы білім алуға қол жеткізіп отыр, сондықтан ұстаздардың баға жетпес еңбегіне алғысымды білдіремін. Түлектерге айтарым, ата-аналарың мен Елбасының және халықтың артып отырған үмітін ақтауды шың жүректен тілеймін», -деп қала әкімі өзінің ыстық лебізін білдірді.