Алматыда мектеп -интернат тәрбиеленушілеріне арналған жаңажылдық шырша ұйымдастырылды

АЛМАТЫ. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда ҚР Мемлекеттік Орталық мұражайында «Жаңажылдық калейдоскоп» атты қайырымдылық шара ұйымдастырылды.

Орталық мұражай директоры Нұрсан Әлімбайдың айтуынша, жыл сайын бұл күні акцияға мүмкіндігі шектеулі балалар, экологиялық қолайсыз аймақтардың, сал және онкологиялық дертке шалдыққан балалар, мектеп-интернаттар мен балалар үйінің тәрбиеленушілері арнайы жаңажылдық шыршаға шақырылады.

Биылғы шыршаға арнайы шақырылған №17-ші мектеп -интернат тәрбиеленушілерін Аяз Ата мен Ақшақар құттықтады. Ал шараның демеушілері өз сыйлықтарын табыс етті. Балалар шыршаны айнала ән айтып, би билеп, әр түрлі ойындар ойнап, «Улыбка» қуыршақ театрының қойылымдарын тамашалады.

«Акцияны өткізудегі негізгі мақсат - қоғамдық және коммерциялық ұйымдардың назарын балалар үйлері мен мектеп-интернат тәрбиеленушілерінің проблемаларына аудару, демеушілер мен арнайы әлеуметтік мекемелердің арасында тығыз байланыс орнату, балаларға арнайы қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыру арқылы көмектесу», -дейді Орталық мұражай директоры.