Алматыда мектеп мұғалімі мен меңгерушінің әрекетіне қатысты тексеру басталды

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы мектеп мұғалімі мен оқу ісі бойынша меңгерушінің өрескел қылығына қатысты тексеруді бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 10 маусымда № 160 жалпы білім беретін мектеп жанында болған.

Әлеуметтік желіге тараған видеокөріністе мектеп директорының орынбасары мен педагог мас күйінде мектеп жанында жүрген балаларды балағаттап, тиісе бастаған.

«Бұл оқу ісінің меңгерушісі мен дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Олар мектеп маңында жүрген екі баланы ұрып, ата-аналары келгенше оқиға орнынан кетіп қалған», - делінген видеоның сипатамасында.

Бұл оқиғаға байланысты №160 мектеп басшылығы түсінік берді.

Мектеп директоры Гүлнар Дәулетованың айтуынша, педагогтар 1 маусымнан бері еңбек демалысына жіберілген.

«ҚР Еңбек кодексіне байланысты болған оқиғаға бейнетүсірілімдегі тұлғалар өздері жауап беруі тиіс. Өйткені, біріншіден олар еңбек демалысында. Екіншіден, бұл оқиға мектеп территориясында болған жоқ. Қай жақта болғанын білмеймін. Иә, мектеп басшылығы жауапкершіліктен жалтара алмайды. Бұл қызметкерлерге қатысты шара қолдану мәселесі олар тек еңбек демалысынан шыққан соң ғана қолға алынбақ», - деді Гүлнар Дәулетова.

Ал жапа шеккен балалардың ата-аналары полицияға арызданып үлгерді.

«Бұл дерек бойынша Алатау аудандық Полиция басқармасына арыз түсті. Қазір мәселенің мән-жайы анықталып жатыр. Барлық заң талаптарына сай тиісті шара қабылданатын болады», - деді қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.