Алматыда мектеп оқушыларына оқулық сатып алу үшін 3,2 млрд теңге бөлінді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда мектеп оқулықтарын сатып алу үшін 3 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингісінде қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, жергілікті бюджеттен оқулықтар мен көркем әдебиетті сатып алуға 3,2 млрд астам теңге бөлінді.

«Биыл оқулықтар мен көркем әдебиеттерді сатып алуға 3,2 млрд астам теңгеге қаржыландыру көзделген. Бүгінгі таңда 11 баспамен 2 млрд теңгеге шарттар жасалды. Оқулықтарды жеткізу бойынша конкурстық рәсімдер аяқталды. Сонымен қатар, барлық 214 мемлекеттік мектеп үшін электронды оқулықтарға жазылу жалғасады», - деп атап өтті ол.

2023-2024 оқу жылында 303 мың оқушы 100 пайыз тегін оқулықтармен және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта оқулықтарды сатып алу рәсімдері жүріп жатыр.


Авторы: Бақдәулет Сералы