Алматыда «Мектепке барар жол» акциясы жалғасуда

АЛМАТЫ. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматы қаласының Бостандық ауданы әкімдігі қаладағы Мұқағали Мақатаев атындағы №140-шы мектепте «Мектепке бара жол» акциясы аясында қайырымдылық шарасын өткізді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл шара жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Шараның мақсаты жағдайы төмен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету, балаларының оқуға деген ынтасын арттыру.

«Аудан бойынша 7 аймақтан 1500 бала әлеуметтік көмекке мұқтаж есебінде тізімге алынды. Бүгінге дейін 500 баланы оқу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етіп үлгердік. Бұл акция негізінен қыркүйектің аяғына дейін жалғасуы керек болған. Бірақ біз оқу басталған соң балаларға кедергі болмасын деп тамыздың 31-не дейін бітіруді көздеп отырмыз», деді Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Болат Ағыбаев.

Бұдан бұрын акция № 105 және №138-ші мектептерде өткізілген еді. Шара барысында №22, №140, №65, №94-ші мектептерден келген 100 оқушыға оқуға қажетті құрал-жабдықтар салынған сөмкелер табысталды. Қайырымдылық акциясы келесі аптада Орбита ықшам ауданындағы №60-шы мектепте жалғасады деп жоспарланған.