Алматыда мектепке дейінгі білім беру мекемелері мамандарының біліктілігін арттыруға арналған семинар өтуде

АЛМАТЫ. 17 мамыр. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыдағы «Бөбек» ұлттық ғылыми-тәжірибелік, білім беру және сауықтыру орталығында «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім берудің ғылыми-теориялық және әдістемелік негіздері» атты апталық курсы өтіп жатыр.

Мамырдың 16-27 аралығында жалғасатын бұл іс-шара мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін педагогтер мен психологтардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылуда.

ҚР білім беру саласын дамыту және жетілдіру жолында еліміздің Бірінші ханымы Сара Алпысқызының «Өзін-өзі тану» жобасы 2010 жылдың 1 қыркүйегінен бастап білім берудің барлық деңгейлерінде пән есебінде енген болатын. Деректерге сүйенсек, «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы 2001-2009 жылдар аралығында экспериментальды жоба түрінде жан-жақты зерттеліп, байқаудан өткен. Жаңадан енгізілген пәннің мақсаты мен талаптарын түсіндіру, «Өзін-өзі тану» бағдараламасымен жақын танысу және онымен жұмыс істейтін мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында арнайы семинарлар 2010 жылдан бастап өткізіліп келеді.

Семинарға республиканың әр аймағынан 100-ге жуық адам қатысуда. Олардың басым бөлігі Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы, Маңғыстау, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласының білім беру қызметкерлері.

«Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығына қарасты Адамның үйлесімді дамуы институты директорының орынбасары, педагогика ғылымдарының кандидаты Ботагөз Құдышева семинар аясында «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім берудің мүмкіндіктері мен болашағы» тақырыбында шеберлік дәрісін өткізді.

«Бүгінгі таңда білім беру саласына қойылып отырған талаптар жоғары. Жыл сайын еліміздің білім жүйесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп тұрады. «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының бір ерекшелігі оқытушы мен оқытатын баланың бірлесіп жұмыс істеуіне жаңа мүмкіндіктер беруінде», - дейді Ботагөз Құдышева.

Сондай-ақ ол бағдарлама баланы материалдық жағынан қамтамасыз етіп қана қоймай, рухани-адамгершілік нормаларға жауап беретін толыққанды тұлға болып қалыптасуына бағытталғандығын айтады. «2001-2009 жылдары жүргізілген эксперименттер нәтижесінде педагогтердің білімі мен біліктілігін арттырып, балалар мен жасөспірімдер арасында адамгершілікке баулитын іс-шараларды ұйымдастыру, ұлттық дәстүрді жаңғырта отырып, бала тәрбиесіне шығармашылық көзқараспен қарау керек екендігі анықталды. Семинарда біз педагогтерге маңызды деген ақпараттарды берумен қатар, оларды орталықпен бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз, - деп атап өтті өз сөзінде Б. Құдышева.

Алдағы уақытта аталған курс аясында біліктілікті арттыру тренингтері өткізіліп, «Бөбек» Ұлттық орталығына қарасты құрылымдық мекемелерге, соның ішінде обсерваторияға экскурсиялар ұйымдастырылмақ.