Алматыда мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Ө. Жолдасбековтің 85 жылдығы атап өтілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мемлекет және қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы, осы жоғары оқу орнында 1970-1986 жылдары аралығында 16 жыл ректор болған Өмірбек Жолдасбековтің 85 жылдық мерейтойы атап өтілді.

Университет ректоры, техника ғылымдарының докторы Ғалымқайыр Мұтанов бастаған жоғары оқу орнының басшылығы, ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов, сондай-ақ, әр түрлі салада еңбек ететін ғалымдар, Өмірбек Жолдасбековтің отбасы мүшелері, кезінде бірге жұмыс істеген әріптестері, дос-жарандары, шәкірттері және студенттер алдымен университет алдындағы Өмірбек Жолдасбековтің ескерткіші алдына жиналып, оған гүл шоқтарын қойды.

Осы жерге жиналған қауым алдында сөйлеген сөзінде Ғ. Мұтанов университетте бүгінгі таңда жүзеге асырылып жатқан түрлі жобалардың кезінде Ө. Жолдасбеков бастап кеткен игі істердің заңды жалғасы екендігін атап өтті.

«Отанымыздың дамуына қыруар еңбек сіңірген тұлғаларымызды қашанда ардақтап, еңбектерін бағалап, еске алып жүретін болсақ, ұрпағымыз дұрыс бағытта дамитын болады. Өмірбек Жолдасбеков ғылым мен қоғамдық жұмыстарды қатар алып жүрген көрнекті тұлға еді. Ол Қазақ ұлттық университеті қалашығының негізін қалап, оны әлемдік деңгейге көтеріп кетті. Өмекеңнің ғылыми мектебі қазіргі таңда да жемісті еңбек етіп келеді. Ал өмір жолы, сіңірген еңбектері бүгінгі ұрпаққа қашанда үлгі», - деді Ғ. Мұтанов.

Бұдан кейін, ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов пен заң ғылымдарының докторы Сұлтан Сартаев сөз сөйлеп, Ө. Жолдасбековтің өмірі мен қызметіне тоқталды.

Содан соң, жиналған қауым Механика-математика факультеті ғимаратында Ө. Жолдасбеков атындағы дәрісхана залының ашылу салтанатына қатысты. Қызыл лентаны университет ректоры Ғ. Мұтанов пен ҚР ҰҒА президенті, академик М. Жұрынов кесті.

Осы үлкен залда өткен мәжілісте Ө. Жолдасбековтің өмірі мен қызметіне арналған деректі фильм көрсетіліп, баяндамалар оқылды. Кезінде Ө. Жолдасбековпен қанаттаса еңбек еткен ғалымдар ол туралы естеліктер айтты.