Тұсаукесерге Алматы қаласы аудандық әкімдіктерінің білім бөлімдерінің бастықтары, кітапхана басшылары, халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары қатысты.
Шараның мақсаты - 2010 жылы жарық көрген балаларға арналған аудиокітаптармен, анимациялық фильмдермен, ресми іс қағаздарының мемлекеттік тілдегі үлгілерімен, электронды нұсқаларымен, салалар бойынша терминдік сөздіктермен, тілдескіштермен таныстыру болып табылады.
Жиын барысында Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен жасалған, әрқайсысы 16 сағаттық «Асыл сөз», «Шәкірттерге шашу» атты қазақ әдебиетінің үздік үлгілерінен құралған аудиокітаптар таныстырылды. «Бұл аудиокітаптар мектеп оқушыларының сұранысын қанағаттандыру мақсатында жарық көрді»,-деп атап өтті Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ахетов Мамай. Тұсаукесерде сонымен қатар, кәсіби салалар бойынша жарық көрген терминдік сөздіктер мен тілдескіштер, іс құжаттарының үлгілері енгізілген кітаптар, сондай-ақ 30 сериядан тұратын «Алдар Көсенің көңілді оқиғалары» атты анимациялық мультфильм көпшілік назарына ұсынылды. «Асыл сөз», «Шәкірттерге шашу» аудиокітаптарына қазақ фольклорының көнермес туындылары, айтулы қаламгерлердің уақыт сынынан өткен сарабдал шығармалары сұрыпталып жазылған. Кітаптар баланың жас ерекшелігіне, ұғымына сай келетіндей жасалған.
«Тәрбиелік мәні зор бұл туындылар жеткіншектер зердесінің ой-өрістерін дамытып, сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етері сөзсіз. Ал, ел аузындағы аңыз-әңгімелердің сюжеттері бойынша жасалған «Алдар Көсенің көңілді оқиғалары» анимациялық мультфильмі әсерлі де ойнақы оқиғаларымен балалар көңілін бірден баурап алатынына сенімдімін»,- деді Алматы қаласының Ішкі саясат Басқармасының бастығы Кенжехан Слямжан.
«Республикамызда тұңғыш рет 3D-форматындағы графикалық тәсілмен жасалған анимациялық мультфильмнің басты ерекшелігі - оның ұлттық құндылықтарды насихаттауында. Соңғы заманауи техникалық құралдардың мүмкіншілігімен жасалған мультфильмнің бүлдіршіндерге мемлекеттік тілді үйретуде, тіл ұстартуда ықпалы айрықша болады», -деді Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ахетов Мамай. Оның айтуынша ертеңнен бастап аталмыш кітаптар қаланың барлық кітапхана мен бала-бақшаларына тегін таратылатын болады.
Ол сонымен қатар, таныстырылым барысында қоғамда тілге деген көзқарас өзгерді деп атап өтті. «Мемлекеттік тіл саясатын іске асырудағы нәтиже күн сайын қазақ тілін қолданушылар мен үйренушілер санының артып келе жатқандығын көрсетіп отыр. Сонымен қатар, қазақ тіліне деген оқулықтар мен көркем әдебиетке, сондай-ақ салалық қызметкерлерге арналған тілдескіштерге деген сұраныстар артып келе жатыр», -деп атап өтті.
Оның айтуынша кәсіби салалар бойынша жарық көрген терминдік сөздіктер мен тілдескіштер, іс құжаттарының үлгілері мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарға әдістемелік көмек ретінде берілмек. «Үстіміздегі жылы білім, ауылшаруашылығы, төтенше жағдайлар, жер қатынасы, сәулет және құрылыс саласы қызметкерлеріне арналған тілдескіштер жарық көрді. Сондай-ақ, сақтандыру, спорт және туризм, заң және құқық, ақпараттық жүйе, білім беру салаларына арналған орысша-қазақша терминологиялық сөздіктер, ішкі істер, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, құқық және құқықтану, тұрғын үй және жер қатынастары, энергетика және коммуналдық шаруашылығы салалары бойынша іс қағаздарының үлгілері дайындалды. Әр салаға қатысты базалық терминдер мен атаулардың, сөз тіркестерінің, кәсіби ұғымдардың орысша-қазақша түсіндірмесі жүйелі түрде берілетіндіктен, аталмыш басылымдардың мемлекеттік тілді оқып-үйренуде, кәсіби біліктілікті арттыруда көмегі зор болатынына сенемін»,-деді ол.