Алматыда Мемлекеттік хаттама туралы еліміздегі алғашқы еңбектің таныстырылымы болды

АЛМАТЫ. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттеріне «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттар қауымдастығының төрағасы, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Бауыржан Байбек «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Протоколы» актілік дәрісін оқыды.

Кездесуді ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов ашты. Б. Байбек «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Протоколы» кітабының еліміздегі Мемлекеттік хаттама жөніндегі тұңғыш еңбек екенін атап өтті. «Ресейде Мемлекеттік хаттамаға қатысты 17 еңбек жарық көрген. Ал Қазақстанда бұндай кітап бірінші рет шығып отыр. Бұл еңбекте басты 2 мақсат көзделген: Мемлекеттік хаттама тарихы және оның дамуы. Бүгінде Қазақстан көптеген халықаралық деңгейдегі іс-шаралардың өткізілу орны болып табылады. Соның бірі жақында ғана өткен ЕҚЫҰ саммиті. Осындай шаралардың барлығын өткізуде хаттаманың маңызы өте зор», дейді.

Аталған кітапта еліміздің дипломатиялық протоколының даму тарихы кешенді түрде қарастырылған. Қазақ билеушілерінің ордаларындағы рәсімдер сипатталып, рәсімдердің кейбір нормаларының қалыптасып, тамырлануына әсер еткен факторлар талданған.

Кітаптың бірінші бөлімі толық мемлекеттік тілде жазылған. Зерттеудің айтарлықтай бөлігі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколының қалыптасуы мен оның болашақтағы даму бағыттарына арналған. Сондай-ақ, бұл еңбекте оқырмандар Қазақстан Республикасы Президенті Протоколының қызметімен таныса алады.

Кездесу соңында университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов Бауыржан Қыдырғалиұлына естелік сыйлықтар тарту етті. Ал ҚазҰУ қонағы университеттің үздік студенттеріне өз кітаптарын сыйлады.