Алматыда Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлеріне қатысты 29 іс тіркелген

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Мемлекеттік кірістер департаментінің лауазымды тұлғаларына қарсы 29 іс тіркелген. Бұл туралы қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінде өткен жиын барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Департамент ұсынған дерекке сүйенсек, биыл департаменттің лауазымды тұлғаларына қатысты 29 сотқа дейінгі іс тіркелген. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 8 пайызға артық. Былтыр бұл уақытта тіркелген істердің саны 26 болған еді.

Департаменттің ішкі қауіпсіздік басқармасы 7 іс қозғаса, басқа құқық қорғау органдарымен біріге отырып 11 іс қозғалған.

Сонымен қатар, департамент қызметкерлеріне пара беруге қатысты 5 іс қозғалды. Олардың 9-ы (5-салық қызметі, 4 - кеден қызметі) қылмыстық іс санатына жатады.

Жиын барысында департаменттің 3 қызметкерінің кәсіпкерді бопсалап, 10 мың АҚШ доллары көлеміндегі ақшасын тартып алғаны туралы айтылды.

Басқосуда осындай құқықбұзушылықты болдырмау талқыға салынды.