"Бұл университеттің "Қазақ тілі" қоғамы мен "Мемлекеттік және шет тілдер кафедрасының" жыл сайын өтетін дәстүрлі шарасы. Байқау түрінде 2005 жылдан бері өтіп келе жатқан фестивальдің басты мақсаты - қазақтың тілін достықтың дәнекеріне айналдыру және ортамызда жүрген өзге ұлт пен ұлыс өкілдерін мемлекеттік тілді үйренуге ынталандыру", -дейді Алматы технологиылық университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Қалтай Сейітұлы.
Оның айтуынша, білім мен тәрбие - егіз ұғым. Оларды бір-бірінен бөліп жаруға болмайды. Жалпы қазіргі таңда Алматы технология университетінде 50-ден астам өзге ұлыс өкілдерінің 1,5 мың студенті блім алып жатыр. Фестивальға экономика; тағам өндірісі; жеңіл өнеркәсіп пен дизайн; инженерлік және ақпараттық технология факультеттері мен университет жанындағы технология және экономика колледжінен 5 команда қатысуда.
"Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге арналған кез-келген шараны ұйымдастыру кезінде оның тәрбиелік мәнін естен шығармау керек. Мәселен "Мемлекеттік тіл - достықтың дәнекері" фестивалінде мақал-мәтел мен салт-дәстүр сайысы бар. Мысалы қазір етті бесбармақ дейтіндер арамызда аз емес. Еттен жасалатын тағамның түрі көп. Олардың әрбірінің өз атауы бар. Мұны жастарға түсіндіруде осындай байқаулардың маңызы ерекше", - дейді Қ.Сейітұлы.