деп хабарлайды ҚазАқпарат Тілдерді дамыту басқармасына сілтеме жасап.
Аталмыш конференцияның жұмысына Алматы қаласы әкімдігінің жанынан құрылған мемлекеттік тіл саясатын жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы, тіл жанашырлары, ғалымдар, жоғары және орта оқу орындарының, мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелердің мұғалімдері қатысты. Басқосуда тақырыпқа және мақсатқа сәйкес баяндамалар оқылды, пікір алмасылды. Соның ішінде орыс аудиториясында қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдердің қоғамдық мәртебесі мен кәсіпқойлығын, беделін арттыру; мұғалімнің әдістемелік шеберлігін шыңдау, тіл үйретудің озық әдістемесін насихаттау; орыс аудиториясына сабақ берудегі мұғалімдердің біліктілігі мен тәжірибесін сараптау; өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін оқып-үйренуге деген ықыласы мен қызығушылығын арттыру бойынша әдістемелік ерекшеліктерін көрсету; шет тілдерін оқыту әдістемесінің озық үлгілерін қазақ тілін үйрету кезінде қолданудың ерекшеліктерімен танысу; жаңа технологияларды пайдалана отырып мемлекеттік мекемелер, жеке тыңдаушылар және қала тұрғындарын оқытудың ерекшеліктерін, тәсілдерін насихаттау секілді тақырыптарда түйткілдер талқыланып, ойлар ортаға салынды.
Конференцияны ұйымдастырушы тілдерді дамыту басқармасы мамандарының айтуынша, жиынның мақсаты мемлекеттік тіл саясатын кеңінен насихаттау, мемлекеттік тілде сабақ берудің сапасын арттыру болып табылады.
Мәслихат барысында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мен оны дамытуды жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған басқарма тарапынан шығарылған, т.б. баспа өнімдерінің көрмесі жұрт назарына ұсынылды.