Алматыда «Мемлекеттік тілдің ең үздік білгірі» деп аталатын жалпы университеттік олимпиада өз мәресіне жетті

АЛМАТЫ. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда «Мемлекеттік тілдің ең үздік білгірі» деп аталатын жалпыуниверситеттік олимпиаданың қорытындысы шығарылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚазҰУ-дің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Оны Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің филология факультеті ұйымдастырған болатын. Мақсат - орыс бөлімдерінде оқитын студенттердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін арттыру, студенттердің мемлекеттік тілдегі ғылыми шығармашылығын дамыту. Оған 2 мыңға жуық студент қатысып, үш турдан тұратын сайыста ең үздіктері ғана ақтық сында бақ сынады. Бастауыш топтың студенттері арасында философия және саясаттану факультетінен Екатерина Беркутова - бірінші, физика факультетінен Эм Надежда - екінші, экономика және бизнес факультетінен Анна Дамельян үшінші орынды иеленді. Жалғастырушы топтан философия және саясаттану факультетінен Жанерке Айдосова - бірінші, экономика және бизнес факультетінен Ербол Әуелбеков - екінші, механика-математика факультетінен Динара Әбелекова үшінші орын алды. Ал механика-математика факультетінен Мистислав Борисенко - «Ең үздік мақалшы», география факультетінен Любовь Фадеева -«Таза сөз», Зоя Тен - «Менің университетім», физика факультетінен Юлия Зарипова - «Мәнерлі сөйлеу», заң факультетінен Елнұра Ысқақова «Үздік көркем сөз» аталымдары бойынша үздік деп танылды.