17:11, 05 Маусым 2009
Алматыда «Мен футбол туралы сурет саламын» атты балалар суретінің көрмесі ашылды
АЛМАТЫ. Маусымның 5-і. ҚазАқпарат (Сержан Закерұлы) - Бүгін Алматыдағы Орталық көрме залында «Мен футбол туралы сурет саламын» атты балалар суреті конкурсынан іріктелген сурет көрмесі ашылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. British Council және Shill Kazakhstan Development компанияларының ұйымдастыруымен Ұлыбритания Елшілігінің қолдауымен өткізілген балалар суреттері байқауына бүкіл Қазақстаннан 1300-ден астам жас суретші қатысқан. Бұл көрме ертең Қазақстан және Англия құрама командаларының арасында өтетін 2010 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу турнирінің екінші ойынына арналған. Конкурс жеңімпаздарын марапаттауға Қазақстан және Қырғызстандағы Ұлыбританияның елшісі Пол Браммел, Қазақстан және Қырғызстандағы British Council директоры Лина Милошеич, Англия футбол жанкүйерлерінің үйлестірушісі Марк Перриман және Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов қатысты. 5 пен 15 жас аралығындағы балалар арасында өткізілген конкурста Өскеменнен Диана Булатова, алматылық Игорь Хан, Көкшетаудан Сәуле Жандуллаева, Алматыдан Василина Половинкина, Қарағандыдан Гүлнұр Мәжитова және алматылық Владимир Соколовтар жүлделі орынға ие болды. Оларға Қазақстанның Ұлттық құрамасы ойыншыларының қолтаңбасы қойылған футбол добы және ұйымдастырушылар мен демеушілердің бағалы сыйлықтары тапсырылды. «Мен конкурсқа қатысқан картиналарды көріп Қазақстаннан талантты суретшілер шығатынын білдім.Бұл шара Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы мәдени байланыстарды нығайта түседі.Конкурсқа қатысқан барлық балаларды құттықтаймын», деді Ұлыбритания елшісі Пол Браммел. Көрме 18-ші маусымға дейін жалғасады.