Алматыда метрополитендегі ғимараттар мен жарнамалық құрылымдарды жалға беру әлі шешілген жоқ - Ахметжан Есімов

АЛМАТЫ. 20 сәуір. ҚазАқпарат - Метроның 1-желісінің іске қосылғанына 4 ай өтсе де әлі күнге дейін оның пайдалалығы  мен оны күтіп ұстауға қатысты шығынның нақты көрінісі айқындалған жоқ.

Бұл бүгін Алматы қаласы дамуының алғашқы тоқсандағы қорытындысына арналған алқалы жиында айтылды.

«Метро жұмысының тиімділігі шығынды оңтайландыру мен қолда бар активті дұрыс қолдану есебінен қамтамасыз етілу керек. Тұрғындар метроны өте қолайлы және экологиялық жағынан таза және жылдам көлік түрі екенін айтуда. Ол тіпті әлемдегі үздік 10 метроның қатарына еніп үлгерді. Енді оның тиімділігін арттыру қажет», - деді қала әкімі Ахметжан Есімов. Оның айтуынша, биыл метроның бірінші желісінің екінші кезегінің құрылысына  республикалық бюджеттен 12 миллард  теңге, ал қалалық бджеттен 1,2 миллиард теңге бөлініп отыр. Қаржыландыруда еш мәселе болмауы тиіс. Ал 2013 жылы жолаушыларға қызмет көрсетуді және оның тиімділігін көтеру бағытында  2 метро бекеті  пайдалануға берілетін болады.

«Ағымдағы жылы көлік инфрақұрылымын жақсартуда 16 жолаушылар  өткелі, 6 көлік айрығының құрысы жүргізіліп, 4 көше ұзартылады. Сондай-ақ 18 шақырым жаңа жол салынып,  кемінде 170 шақырым жолға орта дәрежелі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстардың бәріне бюджетте қажетті қаражат бар, енді оны тек сапалы және белгілеген мерзімде аяқтау керек», - дейді Ахметжан Смағұлұлы.