Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы, Алматы қаласындағы этномәдени бірлестіктердің мүшелері, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, меценаттар және журналистер қатысты.
«Бүгінгі игілікті шара көмекке мұқтаж болып отырған науқас балаларға қаржы жинауға арналды. Сол үшін ортаға ақша салатын арнайы жәшік қойылды. Одан жиналған қаражат балаларды емдеуге жұмсалады. Мұндай шаралар бұдан кейін де тұрақты түрде өткізілетін болады. Өйткені, балаларға қашанда қамқорлық қажет. Сондықтан, біз алдағы уақытта да қолдан келген көмегімізді көрсететін боламыз», - деді Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Леонид Питаленко.
Сонымен қатар, Леонид Николаевич бүгінгі шара аясында қала тұрғындары мен қонақтарын барынша көбірек тарту мақсатында кішігірім ұлттық тағамдар фестивалі ұйымдастырылғандығын жеткізді.
«Негізі, әр түрлі ұлттың өкілдері ұлттық тағамдардан дәм тату арқылы бір-бірін терең түсінеді. Бұл олардың бір-біріне деген сыйластығын, құрметін арттырады. Сондықтан, 10 этномәдени бірлестіктердің күшімен кішігірім ұлттық тағамдар фестивалі өткізіліп жатыр. Келушілер өздері қалаған тағамдардан тегін дәм тата алады», - деді Л. Питаленко.
Бүгінгі шараға қала тұрғындары мен қонақтары көп жиналды. Көпшілігі балаларымен келді. Жаздың жаймашуақ ауа райы да концерттің көңілді өтуіне сеп болды.
Қайырымдылық шарасы аясында ұлттық тағамдар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған көздің жауын алар, иісі аңқып, тәбетіңді ашар неше түрлі ұлттық тағамдар қойылды. Келушілер жәрмеңкені аралап, өздері ұнатқан тағамдардан дәм татып, қымыз-қымыран ішіп риза болысты. Сондай-ақ, қалалық этномәдени бірлестіктердің күшімен қойылған концерттік бағдарламаны тамашалап, балаларға арналған қолөнер және сәндік өнер жәрмеңкесін аралады.
Келушілердің барлығы дерлік риза көңілмен, шама-шарқынша арнайы жәшікке ақша тастап жатты. Бүгінгі шарадан жиналған қаражат ауыр дертке шалдыққан 2011 жылы туған Сапар Әмина мен 2000 жылы туған Ауғамбай Заринаның еміне жұмсалады.
Қайырымдылық акциясы одан әрі жалғасуда.