67 жастағы Құрбанжан Исмаилов моншада есінен танып, бір сағатқа жуық уақыт ыстық пештің үстінде жатып қалған. Осылайша зейнеткердің оң жақ денесін ауыр күйік шалған.
Жапа шеккен қария шұғыл №4 ауруханаға жеткізілді. Оның өмірі қыл үстінде тұрған.
«Ер адам ауыр халде түсті. Оң жақ иығын, денесін төртінші дәрежелі күйік шалған, оң жақ қолы істемей қалған. Дәрігерлер оң қолын кесіп тастау жөнінде шешім қабылдаған. Ота кезінде пациенттің оң жақ жауырынының жартысы күйгені анықталды. Жауырынның жартысын резекция жасайтын болдық. Ыстықтан оң жақ қабырғаларының бұлшықеттері жалаң қалған. Дәрігерлер бірнеше рет тері ауыстырды», - деді аурухананың күйік бөлімінің меңгерушісі Нұржан Биконуров.
Науқастың денсаулығын жақсарту үшін дәрігерлер 1,5 ай еңбек етті.
Қазір оның терісі толық қалпына келді. Ертең науқас ауруханадан шығады.
«Бір ай бұрын осы пештің үстінде күйіп қалғанмын. Буға күйген ештеңе емес, ыстық металға жабысып қалған сұмдық екен. Бүгінде менің жағдайым жақсы. Дәрігерлерге алғысым шексіз. Олар мені ана дүниеден алып шықты десем, артық болмас», - дейді Құрбанжан Исмаилов.