Алматы қалалық Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Серік Шумаев қалада мотоцикл мен мопед иелерінің тікелей ағынды қондырғыны қолдануы жиі кездесетіні, ол азаматтардың тыныштығын бұзатынын айтты.
«Әсіресе түнгі уақытта және рұқсат етілмеген жарыстарды ұйымдастырады, сондай-ақ маневр жасау және жылдамдықты шектеу ережелерін өрескел бұза отырып, ұйымдастырылмаған топтық қозғалыстар жасайды. Бұл қала тұрғындары мен басқа да жол қозғалысына қатысушылардың шағымын тудырады. Сондай-ақ күн сайын дерлік біздің есептерімізде мотокөліктердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының қайталанатын деректері тіркеледі», – деді ол.
Спикердің айтуынша, баламалы көлік түрлерін пайдаланатын адамдардың құқық бұзушылығын анықтау жұмыстары күшейтілді. Мәселен, алдын алу шарасының бір күнінде мопед, мотоцикл жүргізушілерінің 60-тан астам жол ережесін бұзу дерегі анықталды. Жыл басынан бері мобильді көлік жүргізушілері 10 мыңға жуық жол ережесін бұзған.
Айыппұл көлемі 70 миллион теңгеден асты. Сондай-ақ жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, Алматыда мопедтердің қатысуымен 250 жол апаты болған. Салдарынан 10 адам қаза тапты.
«Мопедтер мен мотоцикл жүргізушілерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері, негізінен белгіленген жылдамдықты сақтамау, қарсы жолаққа шығу, қиылыстардан өту ережелерін бұзу, маневр жасау және тағы да басқа бұзушылықтар», - деп хабарлады полициядан.