Алматыда мүгедектігі бар әйелдер бірлесе жұмыс істеуді үйренуде

АЛМАТЫ. Тамыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Бүгін Алматыда мүгедектігі бар қоғамдық ұйым жетекшілері мен белсенділеріне арналған көшбасшылық тренинг өтіп жатыр.

Оған Оңтүстік, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарының 14-тен аса үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысуда.

Аталмыш шара «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығы мен Халықаралық ҮЕҰ-ларды оқыту және зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өтуде. Тренингтерді мүгедектік пен гендерлік сұрақтарды жетік білетін кәсіби қазақстандық жаттықтырушылар мен Халықаралық ҮЕҰ-ларды оқыту және зерттеу орталығының жаттықтырушылары өткізуде. Тренингке барысында қатысушылар қабілеттерін жетілдірумен қатар, тәжірибелік білім мен әдістерін алмаспақ.

"Шараның міндетіне басқарудағы жеке қарым-қабілеттерін дамыту ғана емес, желілік бірлестік құру, мемлекеттік органдармен қарым-қатынас жасау, мүгедектік саласындағы әлеуметтік бағдарламаларды жетілдіру жағын да ұйымдастыруға ықпал ету кіреді. Тренинг ең алдымен келісім сөз жүргізуді үйренуге, жұмысындағы басымдылықтарды анықтауға, фандрейзингті ұйымдастыра білуге, стратегиялық ойлау қабілетін дамытуға, сондай-ақ жалпы жұмысты ұйымдастыра білуге бағытталған", дейді «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығының төрайымы Ләззат Қалтаева.

Оның айтуынша, тренингтік курс көшбасшылық қабілетін нығайтуға арналған екі жылдық жобаның бір бөлігі. "Бұл жоба Еуропалық Одақтың қолдауымен іске асуда. Сонымен қатар, Қазақстандағы Ұлыбритания Елшілігі, Фридрих Эберт атындағы қор мен Сорос Қазақстан қоры қолдау білдіріп отыр. Еуропалық Одақ жобаны іске асыруға 150 мың еуро қаражат бөлді", деді ол.

Қазіргі уақытта мүгедектігі бар әйелдер ұйымдарының желілік жүйесі құрылған. "Оған Оңтүстік, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарының 14-тен аса үкіметтік емес ұйымдары кірді. Бұған дейін өткен тренингтер нәтижесінде қатысушылар әлеуметтік маңызы бар сұрақтар бойынша кішігірім жобаларды өздері іске асыруда. Сондықтан, мұндай тренингтер жемісті нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беруде деп айтуға болады", деп атап өтті Ләззат Қалтаева.

Алматы қаласында басталған тренинг тамыздың 16-18-і аралығында Атырау мен Астана қаласында жалғасады.