Алматыда Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған байқау болып өтті

АЛМАТЫ. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Келер жылы ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың туғанына 80 жыл толады. Осы орайда Алматыдағы ақын есімімен аталатын №140 мектеп-гимназияда мектептің 1-11 сыныптардың ата-аналары арасында Мұқағали мұралары бойынша өзара байқау болып өтті.

Аталмыш мектептің директоры Сәния Тілеубайдың айтуынша, мектепте мерейтойға дайындықтар басталып, ақын мұраларын насихаттау мақсатында түрлі шаралар өтуде және оған оқушылармен қатар, ата-аналар да жұмылдырылған.

Байқауға қатысушылар Мұқағали сөздеріне жазылған әндерді орындап, өлеңдерін мәнерлеп оқу аталымдары бойынша сынға түсті. Сондай-ақ, олар ақынның өміріне байланысты викториналық сауалдарға жауап берді.

«Біздің білім ордамыз ақын есіміне лайықты ма, біз Мұқағали мұраларын қаншалықты білеміз, осы төңіректе тойға дайындық ретінде осы байқауды ұйымдастырған болатынбыз. Байқауға қатысушылардың өнері бізді таңғалдырды. Алдағы уақытта ол өз жалғасын таппақ», - дейді мектеп директоры Сәния Тілеубай. Оның айтуынша, қатысушылар арасында өнерлі жандар өте көп болғандықтан жүлдегерлерді анықтау әділқазыларға оңай болмаған.

Байқау қорытындысы бойынша әділқазылар алқасының шешімімен ән айту сайысынан ең көп ұпай жинаған белгілі тележүргізуші, композитор Арман Дүйсенов, Бақыт Елдибекұлы, өлеңдерін оқудан Қазақ радиосының тілшісі Мұхтар Тортайұлы, танымал әнші Меруерт Түсіпбаева және Ғайни Абнасырова сынды ата-аналар байқаудың жеңімпаздары атанған.

Сондай-ақ сыныптар арасындағы жүлдегер топтар да грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Ақын мұрасын насихаттауға зор үлес қосып келе жатқан білім ордасының игі бастамасы еліміздің өзге мектептерінде жалғасын тапса нұр үстіне нұр болар еді», - дейді Қазақ радиосының тілшісі Мұхтар Тортайұлы.