Алматыда мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған туристік автобус бағытын ашу жобасы іске асуда

АЛМАТЫ. Шілденің 27-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда "Аржан" қоры мен Қазақстандық менеджмент, экономика және болжау институтының студенттерінен тұратын еріктілер мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған туристік автобус бағытын ашуға арналған "Жол ашар!" атты бағдарламаны жүзеге асыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Шара шілде айының 1-і күні басталды. Жоба барысында мүмкіндігі шектеулі жолаушылар 15 адам сыятын, арнайы жабдықталған автобустармен әр демалыс сайын, сенбі, жексенбі күндері қаланың ең көрікті жерлерімен танысуға мүмкіншілік алуда. Өкінішке орай, қаражаттың аздығынан экскурсиялар тамыздың 7-сіне дейін жалғасатын болады. Біз қазір әкімшіліктің көмегіне үміт артып отырмыз. Дегенмен, болашақта автобустардың жүйелі түрде жүруіне барымызды салатын боламыз", деді жобаның еріктілер мүшесі Нұрсұлтан Белқожаев. Оның айтуынша, жүргізушіге, үйлестірушіге және таныстырушы-гидке 225 мың теңге қажет екен. "Еріктілер оның 15 мыңын ғана ала алады", деді ол.

"Бүгінгі күні Алматыда 44 мың мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Оның 2 000-ы - балалар. Олар үшін өте қажетті инфрақұрылымның тапшылығынан мектептерде, ЖОО-да білім ала алмай, қоғамдық көлікті пайдалана алмай отыр. Ондай адамдар жылдар бойы үйлерінде-төрт қабырғада қамалып отырады. Сондықтан біз бұл жобаның жүйелі түрде жұмыс істеуін қалаймыз", деді жобаның үйлестірушісі Алма Райысова.

«Аржан» қоғамдық қорының жетекшісі Қасиет Омаровтың айтуынша, жоба - мүмкіндігі шектеулі адамдарға туристік саяхат жасауға мүмкіндік беруімен ерекше. "Біз осы жобаға арнайы зағип жандар үшін кітап дайындадық. Онда қаламыздың ең әдемі де, көрікті жерлері бейнеленген", деді ол.

Жобаның ұйымдастырушылары мемлекеттің және меценаттардың көмегіне үміт артуда. Олардың айтуынша, жобаға қатысуға барлық ынта білдірушілер шақырылады.

Бұл жоба «Аржан» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен және "Сәби" қорының қолдауымен, Қазақстан туристік қауымдастығының, Қазақстанның мүгедектер одағының, Зағиптар кітапханасының, Ержан Тәтішов қорының, «MediaNet» халықаралық журналистика орталығы мен «Интерфакс-Қазақстан» агенттігінің әріптестігімен жүзеге асуда.